Тыныс алу аурулары және олардың алдын алу

Бұл мақалада келесі сұрақтарға жауап аласыздар:

1) Қандай тыныс алу ауру түрлері кең таралған?

2) Тыныс алу ауруларының белгілері және себептері қандай?

3) Тыныс алу ауруларының алдын қалай алуға болады?

Өкпе мүшелері - Дереккөз: Yale University Center for Advanced Instructional Media Medical Illustrations by Patrick Lynch, 1987-2000.

Тыныс алу аурулары дегеніміз тыныс алу жүйесінде басталған ауру процесі. Тыныс алу ауралары ауа арқылы таралатын, жұғатын аурулар болып келеді. Оларды жалпы бірнеше топқа бөле аламыз:

  • Мұрын аурулары: тұмау, гайморит, ринит, полип, кеңсірік аурулары, т.б.
  • Көмей, кеңірдек және бронх аурулары: бронхит, тонзилит, ларингит, т.б.
  • Өкпе аурулары – плеврит, өкпедегі қатерлі ісік, туберкулез, т.б.

Тыныс алу ауруларының басты себептері қандай?

Өзімізге белгілі вирустар, саңырауқұлақтар, бактериялар тәрізді ауру тудырғыш микроорганизмдер көп жағдайда тыныс алу ауруларының себепкері болып келеді. Мүшелерге енген микроорганизмдердің бір бөлігі тұмау, баспа, бронхит, өкпе қабыну, туберкулез сияқты әртүрлі ауруларды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар аллергия тудырушылар да тыныс жүйесінің ауруларын қоздырады. Бұл жағдайда күнделікті тұрмыстық аллергия тудырушылар: кәдімгі шаң-тозаң, үй кенелері болып табылады.  Ашытқы және зең спораларынан, жануарлар аллергендері, өсімдіктердің кейбір түрлерінің тозаңдары, әртүрлі аллергия тудырушы жәндіктер де біздің өкпемізге және тыныс алу жолдарына зиян келтіре алады. Атмосфералық және өндірістік шаң-тозаң, газ, түтін, шөп, тоғай өртенгенде пайда болған түтін, күл (зола), құмды жерде желмен көтерілетін және қала көшелерінен, жерден көтерілген шаңдар, өндірісте болатын шаң-тозаң әр түрлі завод-фабрикалардан, шахталардың қалдықтарынан көтерілген шаң тыныс жолының түрлі ауруларына себеп болады. Физикалық, химиялық құрамы зиян шаң тыныс алу жолдарын жыбырлатып, тітіркендіріп, жөтелтіп, түшкіртеді. Күлдің (зола) нәтижесінде пайда болатын ең қауіпті ёаурудың мысалы өкпе обыры болып келеді. Тыныс алу ауруларының себепкерлері адамдардың өмір салтында да кездеседі. Мысалы, шылым шегу, соның ішінде пассивті түрі де (темекі түтінімен тыныс алу) зиян.

Тыныс алу ауруларының басты белгілері қандай?

Тыныс алу ауруларының басты белгілері біздің дем алуымызбен тікелей байланысты. Ең кең таралған белгілер келесідей: тыныс алу қиындау, мұрын бітелу; дене қызуы көтерілу, әлсіздік пайда болу; жөтел, құрғақ жөтел пайда болу; тамақ құрғап, сөйлегенде қиналу; қатты тер басу ; ұйқыдан шошып ояну ; ұрт және бет сүйек тұсы қысылып , кернеп , сыздап ауыру. Егер осы белгілер ұзақ уақыт сақталса, аурудың одан әрі нашарлауы және белгілер пайда болуы мүмкін. Сондықтан, бір белгі пайда болған жағдайда, дәрігерге қаралу қажет.

Кең таралған тыныс аурулары қандай?

  • Өкпе обыры (рак).

Онкологиялық аурудың ішінде өкпе обыры бірінші орында тұр. Бұл ауру онкологиялық аурулардың ішінде ең қиын емделетін ауру болып табылады.

Өкпе обырының дамуы - Дереккөз: interfax.com.ua сайты

Өкпе обырын тудыратын негізгі төрт себеп бар:

1) Темекі шегу – темекі түтінінің канцерогенді өнімдерінің (бензапирен, палладио, висмут) өкпеге түсуі. Бұл аурумен ауыратын адамдардың 70%-дан астамы белсенді не енжар темекі шеккен. 20 жылдай бұрын бұл қауіпті аурумен, негізінен ер адамдар ауырған. Бірақ әр 10 жыл сайын ол ауру әйелдер арасында 10%-ға  артып отыр. Осындай статистикаға сәйкес көптеген өркениетті елдердің үкіметі темекі шегу сияқты зиянды әдетпен күрес жүргізіп  келеді.

2) Қоршаған ортадан радиоактивті заттардың өкпеге түсуі. Бұл радиоактивті зақымдалған аймаққа, ядролық сынақ не жарылыс болған жерге, радиоактивті элемент кені бар орынға барған кезде болуы мүмкін.

3) Автомобиль пайдаланған газының құрамында болатын зиянды заттармен (негізінен ауыр металдармен) тыныс алу.

4) Зиянды өндіріс қалдықтарының ауадан өкпеге  түсуі.

Өкпе обырының алдын алу үшін темекі шекпеу керек және темекі түтіні бар үй-жайда болмауға тырысу қажет. Оған қоса, көлікке толы жолдан алыс жермен күн сайын жаяу жүру; жолда машина көп болса, автомобильдің терзесін жауып қою; зиянды немесе радиоактивті шығарындылар тасталған жерден аулақ  жүру; толыққанды тамақтанып, дәрумендерді уақытында пайдаланып, көкөністер мен жеміс-жидектер жеу ; спортпен айналысу ; жылына бір рет профилактикалық медициналық қараудан өту тәрізді ережелерді сақтаса , бұл қауіпті аурудың алдын алуға болады. 

  • Бронхы демікпесі (астма)

Бронхы демікпесі — бронхылардың күрт тарылуынан байқалатын созылмалы қабыну.

Бұл аурудың сырттай белгілері: тоқтамай жөтеліп, кейде тұншығып қалу (тарылған бронхылар оттекті өкпеге жеткізбейді).

Бронх демікпесіндегі ауа жолдары және сау ауа жолдары - Дереккөз: unansea.com сайты

Ұстамаға (приступ) әртүрлі факторлар себеп болуы мүмкін.  Ол: өткір иіс, ауада шаң-тозаң болу, жануар жүні, тыныс алу мүшелерінің жұқпалы аурулары, күйзеліс, аллергия тудыратын медициналық препаратты пайдалану, суықта ауыр дене жүктемесі, атмосфералық қысымның күрт ауытқуы.

Демікпе ұстамасы кезінде адамның дем алысында шуыл немесе сырыл болады. Егер науқасқа ауа жетіспесе, оның тырнақтары мен еріні көгереді, мойын тамырлары білеуленіп тұрады. Әдетте ыстығы көтерілмейді.  Балаларда демікпе әдетте салқын тиюден басталады. Кейбір жағдайларда, көңіл-күйдің бұзылуынан да немесе мазасыз жағдайлардан да демікпе ұстамасы болуы мүмкін.

Өкпе обырынан айырмашылығы бронхы демікпесі тұқым қуалауы мүмкін және қандай да бір тітіркендіргішке аллергиялық реакция болуы мүмкін. Демікпенің алдын алу үшін жоғарыда аталған ережеден басқа, тітіркендіргіштер әсерінен қашу керек.

  • Бронхит

Бронхит — ауру тудыратын микроағзалардың әсерінен бронхының (көбінесе жоғары тыныс жолдарының) қабынуы. 

Бронхит көбінесе суық тию және респираторлық аурулар салдарынан туындайды. Себебі, бронхит шырышты қабықшалардың, бронхтардың ауадағы қандай да бір бөлшектермен үнемі зақымдануы болған жағдайларда өте тез дамиды.

Сау бронхы мен ауру бронхы - Дереккөз: 5gkb.by сайты

Шырышты қабықтар мен бронхтар үнемі түтінмен, шаңмен, басқа бөлшектермен зақымдалғанда, науқастың тыныс алу жолдарынан қақырықты шығару үшін жиі жөтелу қажеттілігі туындайды.

Адамға қолайсыз климат бронхиттің тағы бір себебі болып табылады, атап айтқанда: тұрақты ылғалдылық, ауа райының жиі өзгеруі, тұмандар.

Бронхитпен сондай-ақ нашар тамақтану, тоңу, нашар өмір сүру жағдайылары кезінде, дене салмағы төмен адамдар, темекі шегетіндер жиі ауырады. Зиянды өндірістегі жұмыс темекі шегуден кем болмайтын зиян әкеледі. Жүн, химиялық, нан пісіру зауыттарының жұмысшылары да бронхитқа бейім.

Балаларда бронхиттің үш түрі бар: жіті қарапайым, жіті обструктивті және жіті бронхиолит (нәрестелер мен кеуде балаларында пайда болады, ұсақ бронхтарды зақымдайды). Егер адамда жіті бронхит болса, онда ол келесі белгілермен ерекшеленеді: кейін ылғалдыға айналатын айқын құрғақ жөтел; дене температурасы 39 градусқа жетуі мүмкін; тершеңдік; қалтырау, жұмысқа қабілеттілік төмендейді; орташа немесе айқын симптоматика. Егер ауру ауыр болса, онда науқаста айқын ентігу пайда болады. Жіті ауру екі аптадан кейін өтеді. Егер науқас емді елемесе немесе емді жолдың жартысында қалдырса, онда ауру созылмалы сатыға өтуі мүмкін.

Ересектерде аурудың екі түрі бар: өткір және созылмалы.

Бронхиттің аллергиялық түрі де бар. Оның белгілері: дене қызуы жоғарылауының болмауы; құрғақ сырылдар, тыныс алу кезінде пайда болатын ентігу. 

Егер науқаста бронхиттің уытты немесе химиялық түрі болса, онда аурудың дамуы тыныс жолдарына тітіркендіргіш заттың түсуі салдарынан болады. Бұл қышқыл бу, шаң, газ болуы мүмкін.Уытты-химиялық бронхиттің белгілері: тәбеттің болмауы; бас ауруы; қатты жөтел; тұншығуға әкелетін айқын ентігу; кеуде ауданындағы шаншу сипатының ауруы; кеуде аймағында шаншулар; тыныс алу жетіспеушілігінің және гипоксемияның белгілері; шырышты қабықтың көгеруі; қатты тыныс алу және құрғақ сырылдар.

Бронхиттың алдын алу шараларына барлық ағзаны нығайту, оның қорғаныс қасиеттерін күшейту; дене белсенділігі, шынықтыру процедуралары, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту; таза ауада серуендеу, үй-жайларды дер кезінде желдету, шыныққан иммундық жүйе ; суық тиюді дер кезінде емдеу, дәрігерлер берген ұсынымды орындау; ойындар кезінде көшеде өзін-өзі ұстау ережелерін үйретуге тиіс; ересектерге жылыту маусымында көмірде аз күл мен күкірт бар жоғары сапалы отынды қолдану тәрізді шаралар жатады.

  • Тұмау

Тұмау немесе грипп – тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Аурудың қоздырғышы – ортомиксовирустар, олардың үш типі: А, В, С бар. Өте жұқпалы ауру.

Тұмау вирусы - Дереккөз: gazeta.ru сайты

Тұмаумен бір мезгілде бір болыс, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Бір ауырған адам бір-екі жылға дейін қайтып тұмаумен ауырмайды. Тұмау салқын кезде жиі, ыстықта сирек кездеседі. Кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез қырылады. 

Тұмаудың алдын алу өзге тыныс ауруларымен ұқсас.

  • Туберкулез

Туберкулез – бактерия – туберкулез таяқшасы (кох таяқшасы) тудыратын өкпе ауруы. Туберкулез кезінде ағза әлсірейді. Ең басты сатысында адамда әлсіздік, салмақ жоғалту, тәбеті болмау, түнде терлеу белгілері байқалады. Кештеу сатысында адам жөтеледі. Бұл өлім тудыратын қауіпті инфекция, алайда дер кезінде емдесе адам толық айығып кетеді.

Туберкулездың дамуы - Дереккөз: acmd.clinic сайты

Туберкулез кезінде  ең басты шарт – дер кезінде дәрігерге қаралып емделу керек. Туберкулездің алдын алу ережесі өкпе обыры мен тұмау ауруларының алдын алу шаралары сияқты. Тұмауда, бронхит пен туберкулез де ауа-тамшылы жолмен  ауру адамнан сау адамға жұғады.

Ауруды анықтау жолдары: балаларға тері астына дәрі жіберіп, жаппай тексеру жүргізіледі (Манту реакциясы); Халықты жаппай флюорографиялық  тексеру . Ал аурудың емі: Туберкулезге қарсы арнайы егу (БЦЖ), ол сәби дүниеге келгеннен 3 – 5 күннен кейін іске асырылады. Ауруды емдеуде терапиялық, хирургиялық, т.б. әдістерді қолданады.

Жалпы туберкулез таяқшасы қараңғы, ылғал жерде 3 айға дейін тіршілік қабілетін сақтайды. Сондықтан , аурудың алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды. Бөлмелерді ылғал шүберекпен сүртіп, желдету керек, кілемді, көрпе-төсекті күнге жайып алу қажет және т.б.

  • Пневмония 

Пневмония — өкпе тінінің қабынуынан немесе басқа аурулардың асқынуынан болатын өкпенің жұқпалы ауруы. Ол көбіне қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхит, демікпе сияқты тыныс ауруларынан, әсіресе жас балалар мен қарт адамдарда болатын қатаң аурулардан кейін пайда болады.  

Пневмонияның қоздырғыштары келесі : вирустар (аденовирус, риновирус), бактериялар (пневмококк, стафилококк, стрептококк) .

Пневмония - Дереккөз: medexpert.sg сайты

 Ал белгілеріне бірден қалтырап, ыстықтың көтерілуі; дем алыстың жиілеуі, одан қырылдаған немесе сырылдаған дыбыстың шығуы; әр дем алып дем шығарған сайын мұрынның желбезегі көтеріліп басылып тұруы; дененің ысуы; жөтел (түсі сары, жасыл немесе қошқыл қоңыр, не сілекейге аздап қан араласқан); кеуде ауыруы жатады.

Пневмонияның алдын алу үшін жеңіл тыныс алу ауруларының басын алу ережелерін сақтау қажет.

Тыныс алу ауруларын қалай емдейді және алдын алады?

Тыныс алу ауруы асқынған кезде ауасы құрғақ, таза әрі бөлмеде жатып ем қабылдаған жөн.  Науқас С  дәруменіне және белокқа бай күшті тағамдармен тамақтанып, тітіркендіретін ащы, аса ыстық немесе тым салқын тағамдарды, түрлі соустарды пайдаланбағаны дұрыс. Сонымен қатар ішімдік ішу, темекі тарту, ұзақ уақыт қатты дауыстап сөйлеу, айқайлаудан, т.б. аулақ болған жөн.

Тыныс жолы басталатын ауыз бен мұрын қуысынының гигиенасы тыныс алу ауруларынан емделудің басты жолы. Мұрынды күнделікті арнайы сумен тазалап тұрған дұрыс. Егер мұрынды күнделікті тазаламаса, ірің пайда болады. Сондықтан, ауасы таза бөлмеде ұйықтау, бөлмелерді желдету, таза ауада серуендеу, тазалықты сақтау мен ауызды, мұрынды шайып отыру дағдыға айналу қажет. Киім кию де дұрыс дем алу мен дем шығаруға әсер етеді. Сондықтан киім жеңіл, таза мақтадан, жүннен жасалған денені қыспайтын, қимыл-қозғалысқа кедергі келтірмейтін ықшам болғаны жөн.

Тыныс алу мүшелерінің қызмет ету деңгейіне дене еңбегі мен спорт әсер етеді. Терең дем шығарғанда олардың сыртқа айдалған ауасының құрамындағы көмірқышқыл газы 2 есе көп болады. Мұндай терең дем алу жүрекке «массаж» жасайды да, оның қоректенуін және физиологиялық қалпын жақсартады. Тыныс алу мүшелерін жаттықтыру, шынықтыру балалар мен жастардың тыныс мүшелері арқылы пайда болатын ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.

Және де үнемі, уақытында ауруға қарсы егу жұмыстарын жасау денені шынықтыра алады. Дегенмен, екпе жасау алдында түрлі ақпаратты оқып, өзінізге сәйкес шешім қабылдаған жөн.

Қолданылған деректер:

  1. ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының сайты
  2. Тыныс алу аурулары. Автор: Н.Үсенова. Massaget.kz сайты.
  3. Тыныс алу мүшелерінің аурулары. Infourok.ru сайты.
  4. Тыныс алу мүшелерінің аурулары. Тыныс алу мүшелерінің ауруларының себептері мен алдын алу жолдары. Автор: Рауан Ризуан. Martebe.kz сайты.
  5. Тыныс алу мүшелері аурулары. iKaz.info сайты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Scroll Up