Сондықтан, сопақша ми зақымданса, адам тыныс алу және жүректің тоқтауынан тез қайтыс болады. Сопақша ми жұлыннан келген қозуды мидың керекті бөліктеріне өткізеді.
Артқы миға көпір мен мишық жатады.
Көпір ортаңғы ми мен сопақша мидың ортасында орналасады. Ми көпірі үлкен ми сығарларын жұлын мен мишықтың қыртыстарымен жалғастырады. Ми көпірінің нейрондары бет терісі, тілден, ауыз қуысының кілегейлі қабықшасынан, есту мүшесінен ақпараттар қабылдайды.
Мишық сопақша мидың үстінде орналасқан. Мишықтың сыртында сұр заттан құралған қыртыстары және иірімдері болады. Мишық жүйке талшықтары арқылы мидың басқа бөліктерімен байланыс жасайды. Негізгі атқаратын қызметі — адамның қимыл әрекетін, дене бұлшық еттердің қызметін реттейді. Мишықтың қызметі бұзылса, адам дәл үйлесімді қимылынан айырылып, дене тепе-теңдігін сақтай алмайды.
Ортаңғы ми аралық және артқы мидың арасында орналасқан. Ол жүйкелердің жоғары және төменгі өткізгіш жолдарының қызметін атқарады. Жоғары өткізгіш жолымен қозу мишыққа және үлкен ми сыңарларына жетеді. Төменгі өткізгіш жолымен қозу сопақша ми мен жұлынға барады. Қызметі — кенеттен келген жарық және дыбыс тітіркеністеріне тез байқауды реттеу. Ортаңғы мидан бұлшық етке үнемі жүйке тітіркенісі жіберіліп, дененің ширығып тұруына мүмкіндік туғызады. Ол адамның еңбек қабілетіне әсерін тигізеді.
Аралық мида ми қарыншаларының біреуі орналасады. Құрылымында таламус, гипоталамус орналасады. Таламус арқылы ми қыртысына әртүрлі сезім (ауырсыну, қанағаттану, мимика, т.б) қалыптасады. Гипоталамус — вегетативтік жүйке жүйесінің үлкен ми сыңарлары қыртысының орталығы. Ол барлық ми бөліктерімен байланысады, ішкі гормондарының бөлінуін реттейді, дененің температурасын, қан қысымын және ағзаның зат алмасу үдерістерін, ішкі ортасын тұрақтандырады. Зәр шығару, ұйқы, сергектік, бейімделу, т.б физиологиялық әрекеттер аралық мида өтеді.
Алдыңғы ми сыңарлары адамда басқа ми бөліктеріне қарағанда жақсы дамыған, мидың 80%-ын алып жатыр. Беті қатпарланып жатады, көлемі 2200-2500 см³, қыртыстың қалыңдығы 2,5-3 мм. Ол 14-18 млрд жүйке жасушаларынан құралады. Ми оң және сол ми сыңарларына бөлінген. Әрбір ми сыңары 4 бөліктен тұрады: маңдай, шүйде, төбе, самай. Маңдай және төбе бөліктеріне сезу-қимыл (аяқ, тұлға, қол, мойын, бет, ерінді қозғалту, сөйлеу аймағы) жатады. Көру аймағы шүйде бөлігінде, есту самай бөлігіндегі қатпарының үстінде, ал иіс пен дәм сезу самай бөлігінің алдында болады.