Жәндіктер класы. Негізгі отрядтар

Бунақденелілер класы

Бунақденелілер. Дереккөз: Bilim-all.kz

Бунақденелілер — буынаяқтылар типіне жататын көпжасушалы, омыртқасыз жәндіктер. Бұлар — ғаламшардың кез келген түкпірінде таралған жануарлардың ең үлкен тобы. Олардың 700 000-ға жуық түрлері белгілі. Негізгі екі класс тармағына жіктеледі: туақанатсыздар және қанаттылар класс тармағы. Бунақденелілер класында 35 отряд бар. Бунақденелілерді зерттейтін ғылым — энтомология деп аталады. 

  • Мекен ортасы: ғаламшардың кез келген жерінде.
  • Басқа буынаяқтылардан негізгі ерекшелігі — денесі үш бөліктен тұрады ⇒ бас, көкірек, құрсақ.
  • Аяқ саны: барлығы 6 аяқты, басым бөлігінде қанаттары болады. Көкірек бөлігіне қимыл, қозғалыс  қызметін атқаратын аяқтар мен қанаттар; бас бөлігіне екі мұртша, көздер, көзшелер орнығады. Көбею мүшесі құрсағында болады.
  • Жүйке жүйесі күрделі: жұтқыншақүсті жүйке түйіні — ми 3 бөліктен (алдыңғы, ортаңғы, артқы) құралады.
  • Сезім мүшелері дәм сезу, есту, сипап сезу жақсы дамыған.
  • Көкірек және құрсақта орналасқан демтүтік (трахея) арқылы тыныс алады. Демтүтіктер демтесіктер арқылы сыртқа ашылады.
  • Қанайналым жүйесі ашық.
  • Көбеюі жынысты.
  • Дамуы үш жолмен өтеді: тура даму (қанатсыз жәндіктер), шала түрленіп даму (ақпа, инелік, дәуіт, шегіртке, бұзаубас, бит, қандала) және толық түрленіп даму (қоңыз, көбелек, бүрге, шыбын, маса, шаншар, құмырсқа, түкті ара, бал ара, т.б) Ұрықтанған жұмыртқадан ересек жәндікке ұқсас жас жәндіктер шығып, тек денесі өссе және жыныстық жағынан ғана толысып дамыса, тура даму деп аталады. 
Толық түрленіп даму. Дереккөз: infourok.ru

Тура даму: жұмыртқа → имаго (ересек).

Шала түрленіп даму: жұмыртқа → дернәсіл → имаго.

Толық түрленіп даму: жұмыртқа → дернәсіл → қуыршақ → имаго.

Жәндіктердің ауыз мүшелерінің құрылысы да алуан түрлі: сүзуші (шыбын), шаншып сорушы (маса), кеміруші (тарақан), кеміріп жалаушы (бал арасы), түтік тәрізді ауызбен сорушы (көбелек).

  • Пайдасы/Зияны: Өсімдіктерді тозаңдандырады. Топырақ астынан ін қазып, оны қопсыту арқылы топырақ түзуге қатысады. Қанқыз, құмырсқа, шаншар, т.б. ауыл шаруашылығына зиян келтіретін зиянкестерді жояды. Бал аралары адамға бал береді, Жібек көбелектері жібек алу үшін өсіріледі. Кейбір елдерде оларды тағам ретінде пайдаланады. Далада қалған жануарлардың өлексесі мен өсімдіктер шіріндісін қорек ретінде пайдаланады. Өздері балықтарға, қосмекенділерге, жорғалаушыларға, құстар мен сүтқоректілерге жем болады. Алайда, зиянды бунақденелілер де баршылық. Бүйі, қарақұрт, құршаян, кене, т.б. улылығымен, паразиттік тіршілігімен жануар мен адамға қауіпті. Ауыл шаруашылығына өте қауіпті өкілдерінің бірі — азиялық шегіртке. Бұл шегірткелердің дернәсілдерінің топсасуынан жаушоғыл (кулига), ересектердің топтасуынан үйір түзіліп, бір жерден екінші жерге көшеді.  Бұлардың бір жазда өрбіген ұрпақтары екі қойды тойындыратын азықты жояды. Ал жаушоғылдары мен үйірлері 1-2 сағатта жүздеген гектар егістікті бүлдіреді.
Азиялық шегіртке. Дереккөз: agrosfera.info

Қолданылған деректер:

  1. Биология: Талапкерге арналған оқулық-тест. Алматы, 2018.
  2. Биология қысқаша анықтама. Алматы, 2013.
  3. Биология 7-сынып. Алматы, 2007.
 
Scroll Up