Саркодиналар (Тамыраяқтылар), Споралылар

Саркодиналар (тамыраяқтылар)

Саркодиналар өкілдері. Дереккөз: iTest сайты

 

«Саркодина» грекше ‹саркос› — плазма, яғни плазмалық жарғақшалы дегенді білдіреді. 

  • Мекен ортасы: саркодиналар типіне жататын жәндіктер теңізде және тұщы суда еркін түрде, ал кейбір түрлері паразит ретінде кездеседі.
  • Дене пішіні: саркодиналарда қабықша (пелликула) болмайды, сондықтан олардың денесінде тұрақты пішін жоқ.
  • Қозғалуы: жасуша ішіндегі цитоплазманың тынымсыз қозғалысы әсерінен плазмалемма бірде созылып, бірде қалпына келетіндіктен, жасуша пішіні өзгеріп, тамыр тәрізді жалған аяқ түзеді. Сондықтан саркодиналар типін кейде тамыраяқтылар типі деп атайды.
  • Қоректенуі: бактериялар, біржасушалы балдырлар, қарапайым жәндіктермен қоректенеді ⇒ гетеротрофтар. Цитоплазмаларында ас қорыту сөлі түзіліп, қоректің түйірі орналасқан жерде ас қорыту вакуолі пайда болады. Вакуольдің ішіндегі ас қорыту сөлі қоректі ыдыратады. Қорытылған ас денеге сініп, қорытылмай қалғаны дененің кез келген жерінен сыртқа шығарылады. Сол кезде ас қорыту вакуолі де жойылып кетеді. Қорегін жалған аяқтары арқылы аулайды.
  • Тыныс алуы: бүкіл денесімен суда еріген немесе ауадағы оттегіні сіңіру арқылы тыныс алады.
  • Зәр шығаруы: зиянды заттарды жиырылғыш вакуолі арқылы сыртқа шығарады. 
  • Көбеюі: көпшілігі жыныссыз (екіге бөліну арқылы) жолмен көбейеді. Бірінші ядро, кейін цитоплазма бөлінеді (митоз). 
  • Қолайсыз жағдайда денесін жиырып, циста түзеді. Тітіркендіргіштік қасиеті бар.
  • Пайдасы/зияны: кейбір түрлерінде жасушаларының сырты әкті қаңқамен қапталған, олардың дене пішіні тұрақты (сәулелі өрмекаяқ, қошқармүйіз көпірме, шұрықденелі бунақай). Қаңқалары әктен түзілген саркодиналардың қалдықтарынан топырақ әктеніп, тау жынысын түзуге қатысады. Паразитті түрлері адамда және жануарда ішек ауруларын қоздырады (қантышқақ (дизентерия) амебасы). Басқа өкілдері: талшықты амеба, бақалшақты амеба (арцелла).
Амеба құрылысы. Дереккөз: myshared.ru сайты

Споралылар

  • Мекен ортасы: тек паразиттік жолмен тіршілік етеді. 
  • Дене пішіні: амеба тәріздес. 
  • Қозғалуы: қозғалу органоиды жоқ, қозғалмайды. 
  • Қоректенуі: паразиттік жолмен тіршілік ететіндіктен, асқорыту вакуолі болмайды, асты бүкіл денесімен сіңіреді.
  • Зәр шығаруы: жиырылғыш вакуолі жоқ.
  • Көбеюі: тіршілік айналымы күрделі (жыныссыз және жынысты көбею кезендері алмасып тұрады). Тіршілік айналымының соңғы кезеңінде спора түзеді. Спора арқылы таралады. 
  • Зияны: Құртамышкокцидоз ауруын, қантұрғын — адамда безгек ауруын тудырады. Қантұрғын адамның қызыл қан түйіршіктерін зақымдайды. Таратушысы — безгек масасы. Безгекпен ауырған адамның дене қызуы 40ºC-ге дейін көтеріліп, жиі-жиі қалтырау салдарынан адам есінен танады. Бұл — қантұрғынның жасуша ішінде көбейіп, қанға улы зат бөлуі. 
Безгек масасының ауруды таратуы. Дереккөз: KazMedic
Кокцидозға шалдыққан тауық. Дереккөз: apknews.su

Қолданылған деректер: 

  1. Биология: Талапкерге арналған оқулық-тест. Алматы, 2018.
Scroll Up