Өсімдік жасушасы
- Есіңде сақта!
Жасуша - тірі организмдердің (вирустардан басқа) құрылымының ең қарапайым бөлігі, құрылысы мен тіршілігінің негізі. Ол жеке тіршілік ете алатын қарапайым тірі жүйе.
Жасуша өз алдына жеке организм ретінде (бактерияда, қарапайымдарда) немесе көп жасушалы жануарлар, өсімдіктер және саңырауқұлақтардың тіндері мен ұлпаларының құрамында кездеседі. Тек вирустардың тіршілігі жасушасыз формада өтеді.
Бірнеше ғасырлар бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде «Жасуша теориясы деген ұғым пайда болды». Жасуша теориясының негізгі 3 қағидалары бар:
-
Жасуша-барлық тірі ағзалардың ең кіші негізгі өлшемі;
-
Әр түрлі ағза жасушаларының құрылысы,химиялық құрамы,зат алмасуы және негізгі тіршілік әрекеттері ұқсас;
-
Жасушалар бастапқы (аналық) жасушаларының бөлінуі арқылы пайда болады.

Өсімдің жасушасының негізгі құрамдас бөліктері: ядро, цитоплазма, жасуша мембранасы, жасушалық қабырға, пластидтер мен вакуоль.

Ядро – ең үлкен органелла, организмдегі ақуыздық алмасуды реттеу арқылы тұқым қуалаушылық қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жасушаның негізгі бөлігі.
Цитоплазма – ядроны қоршап жатқан жасуша бөлігі. Оның құрамындағы химиялық макро және микроэлементтерден күрделі органикалық қосылыстар (ақуыздар, көмірсулар, липидтер, нуклеин қышқылдары, гормондар, ферменттер, витаминдер, тағы басқа) және минералдық заттар түзіледі.
Жасушалық мембрана — жасуша цитоплазмасын сыртқы ортадан немесе жасуша қабықшасынан (өсімдіктерде) бөліп тұратын жасуша органоиды. Оның қалыңдығы 7 – 10 нм. Негізінен жасуша мен оны қоршаған сыртқы орта арасындағы метаболизмге (зат алмасуға) қатысады, сондай-ақ, Жасушаның қозғалуы мен бір-біріне жалғануында үлкен рөл атқарады.
- Назар аудар!
Өсімдік жасушасында жануар жасушасында болмайтын бөліктер(органоидтар) бар. Олар - жасуша қабырғасы, пластидтер мен вакуоль .
Жасуша қабықшасы-қатты, жасушаның сыртын қоршап тұрады, целлюлозалы шағын талшықтардан тұрады. Механикалық тірек және қорғаныш қызметін атқарады.
Пластидтар — жасушаның кішігірім құрамдас бөліктері. Пластидтер түсті де, түссіз де болады. Жасыл пластидтерді хлоропласттар деп атайды, оларда фотосинтез үрдісі жүргізіледі.
Вакуоль — өсімдік жасушасының цитоплазмасындағы — мембраналармен шектеулі және клетка шырынымен толған қуыстар жиынтығы. Бұнда әртүрлі заттар сақталады, негізінен зат алмасудың соңғы өнімдері сақталады.